Павлодарлық қыз-келіншектер «Атамекеннен» аспазшы атанып шықты

Павлодарлық қыз-келіншектер «Атамекеннен» аспазшы атанып шықты

Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы болашақта аспаздық саласында өз кәсібін ашқысы келетін ханымдарға арнап арнайы курс өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жұмысты «Мен – кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту» құралы бойынша өңірлік палата жанындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ұйымтастырды.

Жеке мамандықты үйрету үшін қаладағы ірі мейрамхананың директоры және бас аспазы Айнагүл Қуандықова оқуға шақырылып, ізденушілермен бірнеше күн бірге жұмыс істеді.

Осы курстың қорытындысы бойынша Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Мүбәрак Жақыпов тыңдаушыларды арнайы құттықтады. Палата өкілі оқыған қыздарды алған білімдері мен дағдыларын дұрыс арнаға бағыттауды, сондай-ақ өзіне ғана емес, Қазақстан экономикасына да пайда әкелуді тілеп, Айнагүл Қуандықоваға қыздарды аспазшылыққа үйретуге және оларға өзінің ерекше білімін беруге келіскені үшін алғысын білдірді.

«Атамекен» палатасының маңызды миссияларының бірі – әйелдер кәсіпкерлігін дамыту. Осы бағытта біз әйелдерге түрлі бағыттарда білім береміз, осылайша, тыңдаушылардың әрқайсысы кәсіпкерлік қызметті бастай алады. Кәсіп ашып, айналасындағыларға пайда әкеледі», - деді Мүбәрак Жақыпов.

Мүбәрак Жақыпов тыңдаушыларға «Аспаз» курсын аяқтағаны туралы сертификаттар табыс етті. Ал Айнагүл Қуандықова шәкіртінің бірі - Гүлжанат Ибраеваға естелік сыйлығын берді.

«Гүлжанат – «ерекше баланы» жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана. Сонымен қатар, ол курс күндерінде өзін жақсы көрсете отырып, «комфорт аймағынан» шықты. Оған жұмыс беруші қызығушылық танытып, енді оған осындай бала бар екенін ескере отырып, тұрақты емес кестемен жұмысқа орналасуға кепілдік берді. Яғни, Гүлжанат өзіне ыңғайлы болған жұмыс кестесін ұсынады. Мен оны «Серпіліс» номинациясындағы жеңісімен құттықтаймын», – деп атап өтті тренер.

Сондай-ақ, курс қатысушысы Зауреш Қалымова да ерекше көзге түсе білді. 

«Мені оның бастамашылдығы, құлшынысы мен жұмыс істеуге деген құштарлығы, ақпаратты жылдам қабылдау қабілеті таң қалдырды. Ол бірден шешім қабылдайды. Бір нәрсені үйренсе, оны берден Instagram-ға жариялайды. Бірақ сіз алған және үш күн ішінде іске асырылмаған дағдылар ұмытылады. Ол бірден үйренгенін көрсетеді және алғашқы тапсырысты қабылдайды!» – деп қосты сарапшы.