Павлодарлық қоғам белсенділері «Қаз қонақ» ескерткішінің жағдайына алаңдаулы

Бірегей объектінің күзет режимін қайта қарау қажет. Себебі, аумақтың 30 пайызы жоғалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қаз қонақ» ескерткіші Ертіс өзенінің оң жағалауында, теміржол көпірінен 500 метрлік жерде орналасқан. Тарихи нысан неогенді жануарлардың сүйектері табылған әлемдегі ірі ескерткіштердің қатарына енгізілген. 30 млн жылдық тарихы бар тарихи орын туралы әңгіме өткен ғасырдың 60-шы жылдарында басталған. Алайда, белгісіз себептермен бұл мәселе бүгінгі күнге дейін шешілмей келеді.
Ә. Марғұлан атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, мәдениеттану ғылымдарының кандидаты Валентина Алиясованың айтуынша, табиғи мұраға шетелдік және еліміздің экологтары, қоғам белсенділері мен тарихшылар ғылыми-зерттеу жұмыстар жүргізіп, мүйізтұмсық, гиппарион, керік, бөкен, бұғы, жолбарыс сияқты миллиондаған жыл бұрын тіршілік еткен жануарлардың сүйегі табылған орынды сақтауды көздеген бастамашыл топ құрылған.
– Ескерткіштің ғылыми құндылығы әлі де өзекті. Бірақ ескерткішті қорғап қалуымыз керек. Туристік әлеуетін ескерткішке зиян келтірмей-ақ арттыруға болады, – дейді ол.
Профессор табиғи ескерткіш бұзылудың шақ алдында тұр деп алаңдаулы. Себебі, жыл сайын көктемгі су тасқыны кесірінен ескерткіш шайылып, көне жануарлардың сүйектері сыртқа шыға береді. Оған қоса, бұл байлықтың барлығы аяқ астында жатыр. Сол себепті де жағалауды бекіту шараларын бастау керек.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірінше, болашақта туристерге тартымды орынға айналатын мүмкіндігі бар орында инфрақұрылым жоқ. Оның үстіне, маңында ескерткіш бар дегенді көрсететін бірде-бір белгі қойылмаған. Сүйектердің қалдығы жатқан қабатқа түсу де қиын. Өйткені жардың ылдиы тік, өте ыңғайсыз.
Бүгінгі таңда ескерткіш аумағы абаттандырылып, қала қонақтары үшін туристік орынға айналған. Алайда, тұрғындардың көбі аяқ астындағы топырақтың ішінен миллион жыл бойы жатқан жануарлардың сүйектердің қазылып алынғанын біле бермейді.
Сарапшылық кеңес мүшелері алдымен ғылыми негіздеме жасап, ескерткішке зиян келтірмей, тиісті шараны қолға алу керек деген ойда. Олар пікірлер мен ұсыныстар жауапты мемлекеттік органдарға жолданып, кейін тиісті шешім қабылданады деп сендірді. Дегенмен ұзақ жылдан бері шешімін таба алмай келген мәселе әлі толықтай қолға алынбаған.
– Жағалауды нығайтуға, қауіпсіз маршруттар салуға және негізгі сүйек линзасын жойылудан қорғауға болатын жағдайлар жасау керек, – дейді Марина Регатунова.
Оның айтуынша, мәселе облыс басшылармен талқыланған. Облыс әкімі Асайын Байханов жағдайды зерделеуге тапсырма берген. Алайда, кез келген шешім ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қатысуымен қабылдануы мүмкін. Әзірге ғалымдар өзгерістерді тіркеуді жалғастыруда.
Еске сала кетейік, табиғи мұраны алғаш 1928 жылы мәскеулік палеонтолог Юрий Орлов ашты. Қазба жұмыстары кезінде плиоцен-милиоцен дәуіріндегі ежелгі сүтқоректілердің бірнеше мың сүйек қалдықтары табылған. Ескерткіштің кішкене бөлігін қазу кезінде кем дегенде 20 бұғы, 40 жираф, 130 мүйізтұмсық, 200 гиппарион және басқа да көптеген ежелгі жануарлардың қалдықтары шыққан.
Ғалымдардың пікірінше, аспан астындағы мұндай бірегей ескерткіш тек Америкада ғана бар. Алайда аумақтың қазіргі ахуалы мәз емес. Жиналған күл-қоқыс өз алдында, ескерткіштің қауіпсіздік жағдайы да сын көтермейді. Жергілікті билік олқылықтың орнын толтыру мақсатында палеонтологиялық қазынаны өңірдің туристік кластерін дамыту жоспарына енгізген.