Екібастұздың Атығай ауылының оқушылары жаңа мектепке қашан көшеді?

Екібастұздың Атығай ауылының оқушылары жаңа мектепке қашан көшеді?
Фото: Константин Шелков

Білім ордасы 120 оқушыға арналады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір басшысы Асайын Байханов Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барды. Іссапар аясында ол Байет ауылдық округінің Атығай ауылында салынып жатқан мектеп құрылысымен танысты.

Кентте бой көтеріп жатқан 120 орындық жаңа мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба құны – 1,4 миллиард теңге. Құрылысты «MGS STROY GROUP» компаниясы жүзеге асыруда. Нысанның құрылысы қыркүйек айында басталып, биыл желтоқсан айында толық аяқталып, келесі жылы наурызда пайдалануға берілмек.

Компания директоры Қуаныш Байқановтың айтуынша, нысанда қырықтан астам адам еңбек етуде.

– Қазір жұмыстар кестеге сай жүріп жатыр. Желтоқсан айында ғимарат толық тұрғызылып, кейін жабдықтау жұмыстары басталады. Келесі жылы наурыз айында балалар жаңа мектепке көшеді деп жоспарлап отырмыз. Стадион дайын, жасанды газон төселіп, дренаж жүйесі орнатылды. Көктемде үш жүз түп қарағай отырғызамыз. Сондай-ақ ауыл тұрғындарына арналған шағын саябақ та салынады. Бұл – ауыл халқына біздің сыйлығымыз болады, – деді ол.

Жаңа мектептің бірегей ерекшелігі – онда тир, хореография және күрес залдары қарастырылған.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің сөзінше, қазір ауылда 126 мектеп оқушысы және 0-6 жас аралығында елу бүлдіршін бар. Олардың басым бөлігі мектепалды даярлық топтарында оқып жатыр. Алдағы уақытта отыздан астам баланы қамту жоспарланып отыр.

Жаңа білім ордасы ауыл балаларына жайлы оқу ортасын қалыптастырып қана қоймай, ауылдың әлеуметтік дамуына серпін бермек.

Еске сала кетейік, бүгін Екібастұзда жаңа ферроқорытпа зауыты іске қосылды. Жоба аясында 350-370 жаңа жұмыс орны құрылды.