Павлодарлық өрен Қазақстан құрамасын финалға шығарды

Минскіде өтіп жатқан «Даму кубогі-2023» турниріндегі топтық кезеңнің соңғы матчында Павлодар футболының түлегі әрі «Ақсу» ойыншысы Ілияс Әбіл тағы мергендік танытты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осы жолы Александр Кузнецов шәкірттері турнир қожайындары – Беларусь U-17 құрамасымен ойнады. Матч тартысты өтті. Сәтсіздікке ұшыраған жағдайда қазақстандықтар топтағы көшбасшылықтан айырылуы мүмкін еді.

Дегенмен, павлодарлық Ілияс Әбіл тағы белсенді. Кездесудің екінші таймында ол қарсылас қақпашысының қателігін пайдаланып, допты бірден қақпаға дарытты – 1:0. Осы жеңістің арқасында жігіттеріміз топтағы бірінші орынды сақтап қалып, финалға жолдама алды. Онда олар 17 жасқа дейінгі Ресей құрамасымен ойнайды.

Матч 11 ақпанда 20:00 сағатта басталады.