Ертіс ауданында жаңа мешіт бой көтеруде
Қызылағаш ауылында салынып жатқан Алланың үйі қыркүйек айының соңында қолданысқа берілмек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін Исаның еліне арнайы жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Асайын Байханов Сілеті ауылдық округіне қарасты Қызылағаш ауылында салынып жатқан жаңа мешіттің құрылысымен танысып қайтты. Оны аудандық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Сағынбай Уабов өзінің ағаларымен бірлесіп салып жатыр.
- Мешіттің құрылыс жұмысын маусым айында бастадық. Алла қаласа бір айдан кейін бітіреміз деп отырмыз. Мешітте келушілерге барлық жағдай жасалған. Дәрет алатын орыннан бастап, таза ауыз суға дейін тартылады. Жылыту үшін жеке от жағу орны да болады. Жалпы, жобаны Астана қаласы маңындағы бір ауылдан алдық, - деді Сағынбай Уабов.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының рұқсаты берілген мешіттің жалпы көлемі 120 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмысына 70 млн теңге қаржы бөлінген.
Бүгінде ішкі жұмыстары жүргізіліп жатқан жаңа мешітті қыркүйек айының соңында қолданысқа беру көзделуде. Ал мешіттің мұнарасы тамыз айының ортасында жеткізілмек.
Аймақ басшысы атқарылып жатқан жұмысты көзімен көріп, кәсіпкердің ісіне сәттілік тіледі.
Еске сала кетейік, ертең Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың Ертіс ауданының тұрғындарымен тұрақты кездесуі өтеді. Шата 27 шілде күні сағат 10.00-де Ертіс ауылының мәдениет үйінде өтеді деп жоспарлануда.
Фото: Аяулым Төлегенова