Павлодарлықтар Арман Қаниды еске алды
Ақынның құрметіне кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жүсіпбек Аймауытов атындағы музыкалық драма театры мен облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен «Ар ақыны Арман Қани» атты әдеби кеш өтті.
Кеш барысында өңірге беделді азаматтар сөз сөйлеп, ақынды еске алды. Ал театр ұжымы ақынның өлеңдерін оқып, көременді ыстық сезімге бөлендірді. Ал облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан Арман Қани туралы сөз сөйлеп, жұбайына кимешек жапты.
– Ағамыздың шын мәнісінде елдің жүгін көтеріп жүрген азаматтардың бірі екендігіне нақ көзіміз жетті. Себебі күні кеше Астанада өткен шараға елдің беделді тұлғалары келіп, күрескер ақынымызға құрмет көрсетіп кетті, – дейді Медет Тауасқан.
Ақынның жұбайы Бақыт Аханбаева кешке келгендерге ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
– Тірі болса Арман 70-ке келетін еді. Біз Арманмен үш бала тәрбиелеп, 47 жыл бойы бірге келдік. Күні кеше демеушілер мен басқарманың көмегі арқылы оның артынан кітап шығарып, тұсауын кесті. Осы кешті ұйымдастырып жатқан адамдарға алғысым шексіз, – дейді ақынның жұбайы.
Айта кету керек, облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі кеш аясында көрме ұйымдастырып, ақынның жеке заттарын, кітаптарын, суреттерін қойды.