Павлодарлықтар Конституциядағы реформаның негізгі өзгерістерін талқылады

Павлодарлықтар Конституциядағы реформаның негізгі өзгерістерін талқылады
Фото:Захар Шишко

Депутаттық корпус пен қоғам өкілдері Конституция жобасындағы жаңашылдықтар жөнінде пікір алмасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері қоғамның, мемлекеттің және бүкіл елдің мүддесін қозғайтын жобаға қатысты өз көзқарастарымен бөлісті.

Облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко еліміздегі негізгі құжаттағы басты өзгерістерге тоқталды. Ол конституциялық түзетулердің мәні мемлекеттің негіздері мен қоғамдық келісімге қатысты болуына орай оның жабық режимде талқылануы мүмкін еместігін атап өтті.

– Парламенттік реформаны талқылау жұмыс тобының қызметімен ғана шектелген жоқ. Өткен жылдың қазан айынан бастап e-Otinish және eGov платформаларында «Парламенттік реформа» атты арнайы бөлім арқылы азаматтардан, сарапшылардан және қоғамдық бірлестіктерден жүздеген ұсыныс келіп түсті. Мысалы, облыстық мәслихат тарапынан жеті ұсыныс жолданды, – деді Илья Теренченко.

Негізінде, талқылаулар 2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында Парламентті реформалау бастамасын жариялаған сәттен басталды. Конституцияның 77 бабына түзетулер енгізілді, бұл жаңа Конституция мәтінінің 84 пайызына тең.

Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканың дамуы жағдайында елге жаңартылған негізгі заң қажет. Өзгерістер Конституцияның барлық бөлімдерін қамтып, үш негізгі бағытқа шоғырланған.

– Біріншісі – мемлекет адамға бағдарланған сипатқа ие болады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары алдыңғы орынға шығып, бүкіл құжаттың өзегіне айналады. Екіншісі – шикізаттық экономикадан адами капиталды дамытуға басымдық беру. Білім, ғылым, мәдениет пен инновациялар ел дамуының іргетасына айналады. Цифрлық құқықтарға ерекше көңіл бөлінеді, бұл қазіргі ақпараттық кеңістікте жеке тұлғаны қорғау қажеттігін көрсетеді. Үшіншісі – саяси жүйені жаңғырту. Бұл ретте мемлекеттің негізгі қағидаттары – егемендік, аумақтық тұтастық  еш өзгеріссіз қалады, – деді Илья Теренченко.

Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бәкір Демеуов те реформалардың маңыздылығын атап өтті.

– Ең бастысы – адам құқықтары. Адами капитал елдің басты құндылығына айналады. Демек, жеке тұлғаның жауапкершілігі, білім, ғылым мен мәдениетті дамыту туралы сөз болып отыр. Өзгерістер ауқымды, алайда соңғы шешімді референдум қорытындысы бойынша халық қабылдайды, – деді ол.

Айта кетелік, Конституцияның жаңа редакциясының жобасы кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.