Павлодар облысында мыңдаған қызметкер медициналық сақтандырусыз қалуда
Сақтандырылмаған қызметкерлер 14 кәсіпорында анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кездесуді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Руслан Рахымберді өткізді. Ол бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру және халықты МӘМС-ке белсенді тарту туралы бірқатар тапсырмалар бергенін атап өтті. Мониторинг нәтижесінде Павлодар облысында шамамен 5520 қызметкердің сақтандырылмағаны белгілі болды. Бұл олардың медициналық қызметтерді алуда қиындықтарға тап болуына алып келуі мүмкін.
Кеңесте бірнеше кәсіпорындардағы сақтандырылмаған қызметкерлер саны айтылды: «ERG Service» ЖШС-де – 478, «KSP Steel» ЖШС-де – 432, «Қазақстан алюминийі» АҚ-да – 775, «АТП-Инвест» ЖШС Павлодар филиалында – 306, Ұлттық статистика бюросының департаментінде – 15, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС филиалы «МК Павлодар бөлімшесінде» – 288, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-да – 209, «Рубиком» ЖШС-де – 274, «Атриум» ЖШС-де – 224.
– Жұмыс берушілер жалдамалы қызметкерлер үшін ай сайынғы аударымдар мен жарналарды қамтамасыз етуі тиіс. Егер осы төлемдерде бір ай үзіліс орын алса, сақтандыру мәртебесі жоғалады, бұл МӘМС аясында медициналық көмек алу мүмкіндігін шектейді, – деп атап өтті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыс бойынша филиалы директорының орынбасары Әсел Оқапова.
ӨКП директоры Ерқанат Әбенов бизнестің жетілуі мен кәсібилігі тек пайда табу көрсеткіштерінде ғана емес, салық міндеттемелері мен қызметкерлерге қатысты әлеуметтік саясатты дұрыс жүргізуде де көрініс табуы керектігін айтты. Сондай-ақ ол қызметкерлердің мәртебесі тиісті түрде рәсімделіп, мәселе шұғыл шешілуі тиіс екенін атап өтті.