Павлодарлықтар суы салқын Шортанды көлін жүзіп өтті

Олар үшін ашық суда жүзу нағыз сынаққа айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жыл сайын Шортанды көлінде өтетін Pikeman жарысы жүздеген спортшының басын қосады. Биыл су айдынын жүзіп өтуге 500-ге жуық әуесқой спортшы жиналды.
Pikeman алғаш рет 2021 жылы «Спорт, денсаулық және экология» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Сол сәтте суға 50 спортшы ғана қатысқан. Бүгінгі таңда ауқымды оқиғаға айналды, оның мақсаты – бұқаралық спорт пен ішкі туризмді насихаттау.
Бұл бастаманың ерекшелігі – коммерциялық емес сипатта болуында. Қатысу тегін, барлығы жеке демеушілер мен белсенді жандардың қолдауымен өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тегін қатысу мүмкіндігі кәсіби спортшылармен қатар, әуесқойлар және Бурабайда демалып жатқан туристердің де қызығушылығына ие.
– Pikeman – бұл жай ғана спорттық іс-шара емес. Бұл – үлкен идеяның бір бөлігі: бұқаралық спортты қолжетімді ету, адамдарды белсенді өмірге шабыттандыру, табиғатты сүюге әрі туған жермен саяхаттауға ынталандыру. Мұндай шаралар салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастырумен қатар, ішкі туризмнің дамуына серпін беруі тиіс. Табиғатқа құрметпен қарау да маңызды, біз әр әрекетіміздің экологиялық тұрғыда жауапты болуына ұмтыламыз, – деді шара ұйымдастырушысы Теміржан Әбдірахманов.
Жүзу кезіндегі су температурасы небары 20 градус болды. Үш шақырымдық қашықтықты еңсергендер қатарында павлодарлық әуесқойлар да бар. Олар жүлделі орындарды иеленді. Елена Бреус 30–39 жас санатында үшінші орынды иеленіп, мәрені бір сағат үш минутта өтті. Оксана Тыщук 50–59 жас санатында бір сағат тоғыз минут нәтижесімен екінші орынға жайғасты. Екеуінің спорттық тәжірибесінде X-Waters пен Oceanman сияқты беделді ашық су жарыстары бар.
– Мұздай суда алғаш рет жүздім. Біраз толқу да болды. Бірақ, жанымда өзің сияқты өз-өзін жеңіп шыққан адамдар болғанда, сол уайым сейіледі. Осындай сәттерде әр қатысушы өзін маңызды, үлкен бір дүниенің бөлшегі екенін сезінеді. Ұйымдастырушыларға үлкен алғыс білдіремін. Әрине, бұл жарысқа тағы қатысқым келеді, – дейді Елена.
Жаңадан қатысқандар үшін бұл нақты сынаққа айналды. Павлодарлық Бауыржан Назенов бір жыл бұрын ғана суда жүзудің не екенін де білмеген. Бұл жарыс – оның спорттық тәжірибесіндегі алғашқы ресми шара.
– Дайындықты жарты жыл бұрын бастадым. Бір жыл бұрын судан қорқатынмын, себебі екі рет батып кете жаздадым. Бұл жол менің қорқыныштарымды жеңу жолым болды. Мені таңқалдырғаны – жарыстың тегін болуы. Pikeman – спортқа жаңадан келгендер үшін тамаша мүмкіндік. Себебі, жүзу жолы тік, тек қауіпсіздік шараларын сақтасаң жеткілікті. Oceanman немесе X-Waters сияқты ауқымды жарыстарға баруға жүрексінетіндер үшін бұл – қолжетімді жарыс. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылды, жанға жақын және қауіпсіз болды. Медициналық көмек, еріктілердің жанашырлығы – бәрі жақсы әсер қалдырды. Мысалы, мен спорттық көзәйнегімді жоғалтып алдым. Бірақ, спортшылар маған оны қайтарып берді. Осындай жақсылықтар есте қалары анық. Көл өте таза, дәмі де жағымды, – дейді павлодарлық спортшы.
Қатысушылардың қауіпсіздігін қазылар алқасы, ұйымдастырушылар және төтенше жағдайлар қызметі қамтамасыз етті. Келесі жылы Pikeman алтыншы мәрте өтеді. Ашық суда жүзуді ұнататындар Шортанды көліне тағы жиналатыны анық.