Павлодарлықтар тіркелмеген атыс қаруын полицейлерге сата алады
Биыл республикалық бюджеттен қаруды тапсырған павлодарлықтарға төлем жасау үшін 5 млн. теңге бөлінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, "Арсеналды" сатып алу науқаны 10 сәуір күні басталған. Аталмыш акция атыс қаруын қолданумен қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында басталды.
- Акцияның бірінші күні облыс тұрғындары 920 оқ-дәрі мен 9 қаруды тапсырды. Оның ішінде жеті тегіс ұңғылы, екі қысқа ұңғылы мылтық бар. Қабылданған қару баллистикалық сараптамаға жіберіледі. Оның нәтижелері бойынша азаматтарға ақшалай қаражат төлеу туралы шешім қабылданады, - деді полиция департаменті әкімшілік полиция бастығының міндетін атқарушы Бәкібай Ахмедьянов.
Мысалы, Екібастұз қаласының полициясына калибрі 9 мм Baikal-442 маркалы екі иір ойықты тапаншаны қала тұрғыны әкелген. Төлемнің болжамды сомасы 193 мың теңгеден асады. Сондай-ақ, Май ауданы Көктөбе ауылының тұрғыны тіркелмеген тегіс ұңғылы қос ұңғылы мылтық және 800 дана 5,45 калибрлі және 100 дана 9 мм калибрлі патрондар тапсырған.
Бұдан бөлек, Павлодар қаласының тұрғыны өз еркімен «ТОЗ-63» маркалы тегіс ұңғылы аңшылық карабинін, калибрі 16 мм., 1973 жылы шыққан «ТОЗ-63» маркасының оқпанын тапсырған. Төлемнің болжамды сомасы 72450 теңгені құрайды.
Тіркелмеген атыс қаруын тапсырғысы келетіндерге ақшалай өтемақы қарастырылған. Биыл республикалық бюджеттен қаруды тапсырған павлодарлықтарға төлем жасау үшін 5 млн. теңге бөлінген. Полиция тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылудан босатылатынын атап өтті.