Павлодарлық балуан еске алу турнирінде 50 мың теңге жеңіп алды
Ақшалай сыйлық бірінші орын үшін табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Олимпиадалық резервті даярлау орталығының мәліметінше, Лисаковск қаласында Кемаль Усмановты еске алуға арналған дзюдодан республикалық турнир өтті.
Бұл жарыста өңір намысын 100 келі салмақ дәрежесінде Ерасыл Қайыркен қорғап, бірінші орынды иеленді.
Кемаль Рашатович Усманов — қазақстандық кәсіпкер. Ол 1958 жылы 6 қаңтарда дүниеге келген. 2015-2016 жылдары «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалының директоры болып қызмет атқарған және осы спорт түрін дамытуға зор үлес қосқан. Өзі де дзюдошы болған және Лисаковск қаласында дзюдоның дамуына айрықша ықпал еткен.
Ол 2019 жылы өмірден өтті. Осыған байланысты Лисаковск қаласында жыл сайын Кемаль Усманов атындағы республикалық дзюдо турнирін өткізу туралы шешім қабылданды.
Фотосуретті ұсынған олимпиадалық резервті даярлау орталығы