Павлодарлықтар жол апаты жиі орын алатын жерлерді картадан бақылай алады

Павлодарлықтар жол апаты жиі орын алатын жерлерді картадан бақылай алады
Фото: ӨКҚ ұсынды

Жол-көлік апаттары облыс орталығының ірі көшелерінде жиі болып тұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Бас прокуратурасының Павлодар облысы бойынша ҚС және АЕК департаменті бастығының орынбасары Жәнібек Кенжебаев мәлім етті. 

– Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында ел бойынша болған апаттар көрсетіледі. Мысалы, Павлодардың қай көше, қиылысында жиі жол-көлік оқиғасы болып тұратынын көре алады. Картада зардап шеккен адамның саны да жазылады, – деді Жәнібек Кенжебаев.

Оның сөзінше, сараптама нәтижесінде қала бойынша жол апаты салдарынан адамдар ең көп көз жұматын нақты бір көше жоқ. 

– Жалпы қаланың барлық жерінде жол апаты болып тұрады. Әрине, үлкен көшелер – Ломов, Назарбаев даңғылы бойында жүргізушілер жиі жол апатына ұшырайды, – деп нақтылады Жәнібек Кенжебаев.

Тәртіп сақшылары неғұрлым қауіпті учаскелерге қосымша патрульдік нарядтар жібереді. 

Көлік тәртібін арттыру мақсатында полиция жыл басынан бері 56 мыңға жуық жол қозғалыс ережесін бұзу фактісінің жолын кесті. Бұл – өткен жылдың көрсеткіштерінен 20%-ға артық. Оның ішінде мас күйінде көлік құралдарын басқарғаны үшін 606 адам әкімшілік жауапкершілікке, мас күйінде бола тұрып, бұрын жүргізу құқығынан  айырылған 35 жүргізуші  қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал, жолдың белгіленбеген жерден өткен 5154 жаяу жүргінші жазаланды.