Павлодарлықтар қоғамдық көлікті жайлылықпен күтетін болады

15 аялдамада орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Халықтың сұрауы бойынша екінші Павлодар, Усолка шағын мөлтек ауданы, Архангельская, Карагандинская, Литвинов, Сәтбаев, Астана және басқа да көшелердегі тұрған аялдамаларға 15 орындық пен қоқыс жәшігі қойылды. Бұл туралы қалалық ТҮКШ ЖК және АЖ бөлімінің бас маманы Ғизат Смайылов мәлім етті.
– Бұл жұмысты жаңа бастап жатырмыз. Алдағы уақытта тағы да қоятын боламыз. Орындық пен қоқыс жәшіктерін орнататын тағы 40-қа жуық орын бар. Біз күнделікті қаланы аралаған кезде олардың аз қойылған жерлерін қараймыз. Сондай-ақ, өтініш бойынша қабылдап, қойып жатырмыз, – деді Ғизат Смайылов. – Шағын архитектуралық формаларды орнатумен конкурстық рәсімдерде жеңіп шыққан «МурзаСтрой» ЖШС мердігерлік ұйымы айналысты.
Бұл ретте бөлім қызметкері тұрғындарға маңызды өтінішпен жүгінді
– Барлық орындық пен қоқыс жәшіктерді қойып болған соң халық оларды сындырмай, бұзбай, дұрыс қарағанын сұраймын. Себебі бұл барлық адамдар үшін керек нәрсе. Қала таза, ал қоғамдық көлікті күтіп тұрған жолаушыларға ыңғайлы болады, – деді Ғизат Смайылов.
Айта кетейік, тұрғындар өз өтініштерін 109 нөмірі арқылы айтып, ТҮКШ ЖК және АЖ бөлімінің Instagram парақшасына жазып, жолдай алады.