Ақсу жағалауын жаңғырту жобасына өзгерістер енгізіледі

Ақсу жағалауын жаңғырту жобасына өзгерістер енгізіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ерекше назар логистикаға, қолжетімділікке, жағажай аймағына және бұқаралық іс-шаралар өткізуге арналған кеңістікке аударылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу жағалауын одан әрі дамыту мәселесі Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың жұмыс сапары барысында талқыланды. Өңір басшысы қала орталығының ерекшеліктерін және келушілердің көп болатынын ескере отырып, жобаны түзетуді тапсырды.

Негізгі мәселелердің бірі жаяу жүргіншілер қозғалысын тиімді ұйымдастыру болды. Өңір басшысының айтуынша, концерттер және басқа да бұқаралық іс-шаралар өткізетін кезде қала тұрғындарының еркін жүріп-тұруына барынша мүмкіндік берілуі керек. Осыған байланысты абаттандыру және көгалдандыру элементтерінің кейбірінің орналасуын қайта қарау ұсынылды. Олар адамдардың қозғалысына кедергі келтірмеуі тиіс.

Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін аумақтың қолжетімділігіне де ерекше көңіл бөлінеді. Негізгі бағыттардың барлығы, соның ішінде көліктің келіп тоқтауы, жағажайға түсу және санитарлық нысандарға жету жолдары барынша ыңғайлы әрі мүмкіндігінше бір деңгейде ұйымдастырылуы қажет. Электр көтергіштердің орнына рұқсат етілген еңісі бар толыққанды пандус қарастыру ұсынылды.

– Адам көлікпен немесе таксимен келіп, қажетті жерде түсіп, керек нүктеге жетіп, барлық инфрақұрылымды кедергісіз пайдалана алуы керек. Барлығы қолжетімді болуы тиіс, – деді аймақ басшысы. 

Өзгерістер жағажайға да қатысты болады. Ақсу әкімі Әнуарбек Амановтың айтуынша, құмды басқа жерге жылжыту арқылы жағажай аумағын ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жобада жыл сайын құм төгу жұмыстары да қарастырылуы қажет. Тиісті жұмыстарды «Ақсу сервис» коммуналдық қызметіне жүктеу жоспарлануда.

Сондай-ақ мамандар инженерлік коммуникациялардың өтуіне және жер учаскелерінің шекараларына байланысты шектеулерді қосымша тексеруі тиіс. Егер мұндай шектеулердің бар екені расталса, оны алдағы жұмыс барысында ескеру қажет.

Жағалауды абаттандыру кезінде жасанды материалдарды пайдалануды барынша азайтып, жабын түрін таңдауға мұқият қарау керек. Атап айтқанда, террасалық тақтаны қолдану мәселесі талқыланды. Аумаққа түсетін жүктеме жоғары болған жағдайда түсетін салмақты ескере отырып, берік материалдарды таңдау және ықтимал жүктемелерді алдын ала есептеу қажет.

Жарықтандыру бөлігінде де өзгерістер қарастырылған. Ескі шамдарды заманауи үлгілерге ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл ретте жылы түсті жарыққа басымдық беріледі.

Бұдан бөлек, сахна мен көрермендер аймағына ерекше назар аударылды. Сахнаны күшейтілген бетон негізінде орналастырып, оның алдындағы кеңістікті каскадты деңгейлер түрінде ұйымдастыру ұсынылды. Мұндай шешім көрермендерге арналған орын санын арттырып, алаңда ірі іс-шаралар өткізуге мүмкіндік береді.

Деңгейлер көрермендерге жайлы орналасуға жеткілікті кең болуы және сахнаны жақсы көруге мүмкіндік беруі тиіс. Алдын ала жоспар бойынша бұл кеңістік бір уақытта бірнеше мың адамды қабылдай алады. Бұл туралы Ақсу қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Кирилл Ефремов мәлімдеді.

Сонымен қатар, жобалаушылар су деңгейін және жағалау сызығының ерекшеліктерін ескеруі қажет. Тиісті жұмыстар басталғанға дейін қосымша техникалық кеңес алып, қадалы және бетон негізін орнатудың оңтайлы шешімін анықтау керек.

Жалпы, жағалауды жаңарту тұжырымдамасы келісілген. Жобада құтқару мұнарасы, көлеңкелі бастырмалар, киім ауыстыратын орындар және демалушыларға арналған басқа да инфрақұрылым қарастырылған. Енді жобаға қосымша түзетулер енгізіп, жобалық-сметалық құжаттаманы аяқтау қажет.

Асайын Байханов жоба жұмыстарын жеделдетіп, қайта есептеуді қазан айына дейін аяқтау тапсырды. Бұл қаржыландыру мәселесін одан әрі қарау үшін қажет.

Айта кетейік, қолайлы қалалық ортаны дамыту Ақсуды абаттандырудың басым бағыттарының бірі болып саналады. 2026 жылы қаладағы жол инфрақұрылымына, тротуарларға және басқа да абаттандыру жұмыстарына қомақты қаржы бөлінеді. Сонымен қатар, облыс әкімдігі мен ERG компаниясының ынтымақтастығы аясында Ақсуда жаңа қалалық саябақ құру және демалыс нысандарын дамыту жобалары жүзеге асырылуда.