Павлодарлықтар өз денсаулығына мұқият қарай бастады

МӘМС жүйесі адамның денсаулығына мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың өзі бірлесе жауапты болуын көздейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдан бастап енгізіліп, халықтың денсаулық сақтау саласына деген қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды реформаға айналды.
– 2024 жылғы есептеу бойынша МӘМС-ке тіркелмегендер саны 130 мың болса, қазіргі уақытта облыстың тұрғындарының 85,6 пайызы МӘМС жүйесіне тартылған, ал шамамен 111 мың адам бұл жүйеде жоқ, – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Жангелді Шайымбетов.
Мемлекет басшысы осы олқылықты жою мақсатында жергілікті атқарушы органдарға осал топтағы азаматтардың жарналарын төлеу туралы тапсырма берді. Енді әлеуметтік қиын жағдайда жүрген азаматтар үшін жарна төлеу жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.
– Ресми жұмыссыз азаматтардың да төлемақылары енді мемлекет есебінен төленеді. Бұл жергілікті әкімдіктердің халықты жұмыспен қамтуға деген жауапкершілігін арттырып, көлеңкелі еңбек нарығын қысқартуға себеп болады, – деді Жангелді Шайымбетов.
Егер азамат кемінде бес жыл тұрақты жарна төлеп келген болса, жарнаны уақытша төлемесе де, алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтап қалады. Бұрын бұл мерзім небары үш ай еді. Бұл – өмірде кездесетін қиын жағдайларға байланысты азаматтарды жүйеден тыс қалдырмауға бағытталған оң өзгеріс.
МӘМС жүйесіне енгізіліп жатқан жаңа өзгерістер – тек техникалық сипатта емес, халықтың нақты қажеттіліктеріне бағытталған әлеуметтік қадамдар. Бұл жаңартулар жүйенің қаржылық тұрақтылығын арттырумен қатар, азаматтардың медициналық көмекті үздіксіз алуына жағдай жасайды.
Жүйеге енгізіліп жатқан жаңартулар – денсаулық сақтау саласында азаматтарға әділ мүмкіндік беру мен жүйенің тұрақтылығын сақтау арасындағы теңгерімді сақтауға бағытталған. Бұл – болашағы бар, дамушы мемлекет үшін маңызды қадам.