Павлодарлықтарға пиротехникамен абай болу керектігі еске салынды
Өңірде «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 3 қаңтарға дейін аймақта сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың заңсыз саудасын анықтап, оның жолын кесуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.
Петардалар, отшашу, бенгал шамдары мен хлопушкалар мерекелік көңіл күй сыйлағанымен, өрт шығу қаупін, жарақат алу немесе күйік шалу сияқты қатерлерді де тудырады.
Полиция департаменті пиротехниканы тек лицензиясы бар мамандандырылған дүкендер мен стационарлық сауда нүктелерінен ғана сатып алуды ескертеді.
– Пиротехника сатып алғанда оның жарамдылық мерзіміне міндетті түрде назар аударыңыз. Мерзімі өткен бұйымдар ауыр жарақатқа әкелуі немесе мүлдем іске қосылмауы мүмкін. Пиротехникалық заттарды ағаштардың астында, электр желілерінің маңында, сондай-ақ тез тұтанатын материалдардың жанында қолдануға болмайды. 14 жастан асқан жасөспірімдер пиротехниканы тек үлкендердің бақылауымен ғана пайдалана алады, – деп атап өтті ведомство өкілдері.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды мереке кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.