Павлодарда Қалижан Бекқожинді еске алу кеші өтті
Іс-шараға өңірдің ақын-жазушылары мен ғылым докторлары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Қалижан Бекқожинның 110 жылдығына орай «Ертістің қайратты қаламгері» атты әдеби-сазды кездесу өтті.
Кездесуге филология ғылымдарының докторы, профессор С.Сүтжанов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғалымбек Жұматов бастаған зиялы қауым өкілдері қатысып, ақын жайлы пікірлерін білдірді.
– Біздің өңірден шыққан Қалижан Бекқожин секілді адуынды ақын өзінен кейінгі жастарға үлгі бола білді. Жаңа ғана бейнефильмнен Аманжол Шәмкеновпен Қалижан ағаның қатар тұрған суретін көріп, өткен күндер есіме түсті. Қалижан Бекқожин дегенде менің есіме адуынды, жан-жақты, тік мінезді қайраткер ақын көз алдыма елестейді, – дейді жазушы Ғалымбек Жұматов.
Ал ғалым Сейфитден Сүтжанов ақынның шығармашылығына кеңінен тоқтала келе, көркем туындыларын тілге тиек етті.
Кеш барысында қаламыздағы Қ.Бекқожин атындағы мектептің оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқып, жергілікті өнерпаздар әдеби кездесуді әнмен әрледі.