Аққулы ауданында қарбыз өсіруші пестицидтерден толығымен бас тартқан
«Қайрат» шаруа қожалығы қарбыздың бірнеше түрін өсіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің орынбасары Айгерім Қабылтаева Аққулы ауданына жұмыс сапары барысында бірнеше ауылшаруашылығы нысанын аралады. Оның бірі – бақша шаруашылығымен «Қайрат» ШҚ.
– Шаруа қожалығы минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерден толығымен бас тартқан. Бақша өнімдері органикалық өнімге сәйкес келеді. Жалпы, сапар ауыл шаруашылығы жұмыстарының барысымен, мал шаруашылығын дамытумен және өңірдегі суармалы алқаптарды кеңейту жоспарларымен танысуға, жергілікті өндірушілерді қолдауға, халық үшін сапалы азық-түліктің қолжетімділігін арттыруға арналды. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігі мен ауылдық жерлердің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызды қадамдары, – деді Айгерім Қабылтаева.
Бұдан бөлек облыс әкімінің орынбасары «Ертіс Су» ЖК егін жинау науқанының барысымен танысып, шабындық жерлерді аралады. «Бірлік» ШҚ бордақылау алаңының құрылысы белсенді жүргізілуде. «Дәнекер» ШҚ ЖШС құны 1,2 млрд теңге болатын 932 га алаңда суару құрылысы жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Нәтижесінде картоп пен жоңышқа отырғызу, өндіру артады, тұрақты жұмыс орындары ашылады.
Еске сала кетейік, осыдан бірнеше жыл бұрын «Қайрат» шаруа қожалығы қарбыздың екі бірдей түрін тозаңдандыру арқылы эксклюзивті сорт ойлап тапты. Оның ерекшелігі – түсінде, сыртқы қабығы мен ішкі жемісі сап-сары болып жетіледі, дәмі айрықша, татқан адамның тілін үйіреді. Павлодар облысы қарбыз алаңдары бойынша ТОП-6 өңірге кірді. Өңірде өткен жылы қарбыз салатын фермерлерге 1938 гектар жер бөлінген, ал биыл бұл көрсеткіш 38 пайызға төмендеген. Аққулы ауданындағы «Қайрат» ШҚ мал шаруашылығына баса назар аудара отырып, көпжылдық шөптерге артықшылық берген және егістік алқаптарын қысқартты.