Павлодар облысында полицейлер жанармайы тауысылып, жолда қалған ресейлікке көмектесті
Көлік тросс арқылы жанармай құю станциясына дейін сүйретіп жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жағдай 22 ақпанда Павлодар-Қызылорда автожолында орын алды. Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері полиция капитаны Азат Қайырбеков пен аға лейтенант Дархан Тәуірбаев патрульдеу маршрутында болған кезде, жолда тоқтап тұрған көліктің жанына барды. Жүргізуші инспекторларға бензині таусылып қалғандықтан көлікті жүргізе алмай тұрғанын айтты.
– Жол жиегінде тұрып, өтіп бара жатқан автокөлік жүргізушілерінен көмек сұраудан басқа ештеңе қалмады, – деді Ресей Федерациясының азаматы Ибрагим Таваров.
Тәртіп сақшылары азаматтың көлігін троссқа байлап, жақын маңдағы жанармай құю станциясына қызметтік көлікпен сүйретіп апаруға көмектесіп, патрульдік бағытқа оралды.
Азамат қызметкерлерге көрсеткен көмегі мен қамқорлығы үшін алғысын білдірді.
Павлодар облысының полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды өзара сыпайы болуға және әрқашан бір-біріне көмекке келуге шақырады.