Павлодарда жолдағы шұңқырларды жамайтын бригадалар саны артады

Павлодарда жолдағы шұңқырларды жамайтын бригадалар саны артады

Жұмыстар бірнеше учаскелерде басталып кетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, былтыр облыс орталығының жолдарында ашық шұңқырлар мен құдықтардың салдарынан 24 жол-көлік оқиғасы тіркелген.  2023 жылдың басында сегіз жол апаты орын алған. Көлік жүргізушілері көбінесе  Мәшһүр Жүсіп - Толстой, Абай - Есенәлиев,  Иса Байзақов, Толстой және Есенәлиев көшелерінде зардап шегеді.  

Әлеуметттік желіде де аталған көшелерге қатысты көлік иелерінен шағымдар көп түсуде. Көлік айдаушылардың біреуі оқушылар сарайына қарама-қарсы жерде айлар бойы ашық жатқан құдыққа доңғалағын жыртып алған болатын. Дәл сол аймақта Естай көшесіне жетпей тағы бір жүргізуші шұңқырға түсіп кеткен.  

«Жаңбырда Толстой бойымен келе жатқан сәтте алдымнан шұңқыр шықты. Сәтбаев, Назарбаев, Лермонтов көшелері туралы айтарға сөз жоқ», – деп жазды қала тұрғыны инстаграм желісінде.

Нұрмағанбетов – Сұрағанов көшелерінің қиылысында бағдаршамның артындағы шұңқыр сол аймақтан өтетіндер үшін қиындық тудырады.  Ал Назарбаев даңғылындағы шұңқырға бірнеше көлік түсіп кеткен, себебі айналасында қоршаулар не болмаса ескерту белгілері орнатылмаған. Зардап шеккен тұрғындардың бірі  жарылған доңғалағы үшін өтемақы сұрамақ. Ол болған жағдай үшін ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне кінә  тағып отыр. 

«Белгілі бір өлшемдер бар, соларға сәйкес қызмет көрсететін ұйым, яғни  ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауап береді. Өлшемдері  60×60-тан кем болмауы тиіс, тереңдігі – 15 сантиметр. <…> Ал шұңқырлардың пайда болғаны жолдарды сапасыз жөндеуінің салдары», – деп  дейді  желі қолданушылары.

Қала тұрғындарының пікірінше, жолдағы шұңқырларды көлік апаттарын  тоспай бірден жамау керек. Сондай-ақ олар мердігерлер ұймдарының жұмысын және жұмыскерлердің қандай материал қолданатынын қадағалауға шақырады. 

Pavlodarnews.kz  қала әкімдігіне жолдаған сауалында жол жөндеуімен айналысатын «Бонус Строй» ЖШС мердігері бригадалардың көлемін екіден төртке дейін көбейткенін хабарлады.   

Қолайлы ауа райы  болған сәттен бері шұңқырлар МАК-асфальтпен жабылады. Асфальттың бұл түрімен далада кез келген температурада, яғни -20 немесе +40 градуста да жұмыс істей беруге болады.

Әкімдікте бірнеше учаскелерде: Қамзин – Толстой, Елгин – Аймауытов, Құдайбердиев – Мәшһүр Жүсіп көшелерінде, сондай-ақ трамвай депосындағы жол айрығында шұңқырларды жамап жатқанын хабарлады.

Фото: ашық дереккөздерден