Президент павлодарлықтарға мемлекеттік наградалар табыстады

Президент павлодарлықтарға мемлекеттік наградалар табыстады
Фото: Ақорда

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Биыл ҚХА-ның құрылғанына 30 жыл толып отыр. Өңірдегі іс-шаралардың үлкен циклі осы айтулы оқиғаға арналады.

– Елімізде соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілді. Сенаттың бес депутатын Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Президент тағайындайды. Бұл қадам заңнамалық деңгейде барлық этностың мүддесін қорғау мүмкіндігін едәуір арттырды, – деді ҚР Президенті. 

Барлық өңірде Достық үйі бар. Мемлекет басшысының сөзінше, онда мыңнан астам этномәдени бірлестік орналасқан. Сондай-ақ облыс әкімдіктерінде «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелері құрылды. Ассамблея құрылымында төрт мыңнан астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді.

Сессияда Павлодар облысының Ассамблея мүшелері де марапатсыз қалған жоқ. Мемлекет басшысы бейбітшілікті, достық пен халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы еңбегі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагері, облыстық Аналар кеңесінің төрағасы, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максиловаға «Парасат» орденін табыс етті. Сондай-ақ, белсенді және жемісті қызметі үшін «Шапағат» медалімен облыс ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рамиль Смайылов марапатталды.

«Ел анасы» атағы берілген Бақытжамал Максилова жетекшілік ететін Аналар кеңесі елдегі ең белсенді бірлестіктердің бестігінде. «Жастар Ассамблеясы» да үлкен жұмыс атқаруда. Қызықты жобалардың арасында жастарды қазақ тіліне үйрететін «Insta сөздік», «Жігіт сұлтаны», «Әнімді саған арнаймын, Қазақстан!» патриоттық ән байқаулары бар.