Референдум алдында павлодарлықтар сайлау учаскесін онлайн анықтай алады
Ол үшін eGov Mobile мобильді қосымшасы немесе Gov.kz сайты болса жеткілікті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәлімдеуінше, 15 наурызда өтетін республикалық референдум қарсаңында азаматтар үшін өз сайлау учаскесін іздеуге арналған цифрлық сервис қолжетімді. Дауыс беретін қажетті пунктті eGov Mobile мобильді қосымшасы мен GOV.KZ порталында бірнеше қадамды орындап табуға болады.
- eGov Mobile мобильді қосымшасы мен GOV.KZ порталының басты беттерінде «Референдум» арнайы баннері орналастырылған. Баннерге өткеннен кейін пайдаланушы сайлау учаскесін тексеру сервисіне өтеді, онда ол өзінің ЖСН-ін және өңірін көрсетуі қажет. Деректер енгізілгеннен кейін жүйе автоматты түрде сайлау учаскесінің нөмірін, өңір мен ауданды, сондай-ақ дауыс беру орнының нақты мекенжайын көрсетеді, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ осы бетте «Жиі қойылатын сұрақтар» бөліміне сілтеме қолжетімді, онда азаматтар референдумға қатысты пайдалы ақпаратты таба алады.