Қыс кереметі: Екібастұзда отбасылар ертегі кейіпкерлерімен жарысты

Қыс кереметі: Екібастұзда отбасылар ертегі кейіпкерлерімен жарысты

Бағдарлама аясында отбасылар арасында эстафета ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз қаласы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мерекелік «Қыс кереметі» атты спорттық ойын-сауық шарасын өткізді.

Қала тұрғындары үшін «Салауатты отбасы» спорттық эстафетасы, ертегі кейіпкерлерімен ойындар, жастардың интерактивті ойындары мен флешмоб биі, дәстүрлі садақ ату, мерекелік сауда жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

«Салауатты отбасы» спорттық эстафеталық сайысына төрт отбасы қатысты. Олар – Нұрғалиевтер, Бекболатовтар, Мақажановтар және Умашевтар отбасы. 

Сайыста командалар жеті бағыт бойынша бақ сынасты. Балалар мен ата-аналарға денсаулықты сақтап, салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған шарада қатысушылар күннің суығына қарамастан, берілген тапсырмаларды жоғары деңгейде орындап шықты.

Сайыстың қорытындысы бойынша үшінші орынды Нұрғалиевтер мен Мақажановтар отбасылары алса, екінші орынды Умашевтар отбасы иеленді. Ал Бекболатовтар отбасысы жеңімпаз атанды. 

Сайыстың соңында Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Сағынтайқызы жүлдегерлерді құттықтап, сертификатпен марапатталды.