Жолдар, байланыс: Баянауыл ауданында депутаттар тұрғындардың өтініштерін тыңдады
«AMANAT» партиясы фракциясының мониторингтік тобы Баянауыл ауданының бірқатар ауылына барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, сапардың мақсаты – инфрақұрылымның негізгі объектілерін салу, реконструкциялау және күрделі жөндеу жағдайын бағалау. Топ құрамында партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Олег Костенко, фракция депутаттары Сандуғаш Қалижанова мен Раушан Даумова бар.
Топ мүшелері Сұлужон ауылында медициналық пунктті күрделі жөндеу барысымен танысты. Мердігер – «Винтрейд» ЖШС компаниясы. Бүгінгі таңда жұмыстардың 45% орындалған – терезелер ауыстырылды, есіктер орнатылды, шатырды бөлшектеу және монтаждау, электриктер мен жылыту жұмыстары жүргізілді, қасбет бойынша жұмыстар басталды.
– Жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі 2024 жылдың 10 шілдесіне жоспарланған және әзірге артта қалу байқалмайды. Алайда, партия мүшелерін электрмен жабдықтаудағы тұрақты ақаулар алаңдатты. Жұмысты уақытында тапсыру үшін генераторлар мен үздіксіз қуат көздерін пайдалану ұсынылды, – дейді филиалда.
Бірлік ауылында «NamysStroy» ЖШС компаниясы мәдениет үйінің ғимаратын күрделі жөндеу жүргізуде. Депутаттар процесті жеделдету үшін нысандағы құрылысшылар санын көбейтуді ұсынды. Шонай ауылында жергілікті тұрғындар жақын маңдағы ұңғымалар мен су қоймаларынан су алуға мәжбүр. Партия мүшелері жергілікті атқарушы органдарға ауылда толыққанды сумен жабдықтауды ұйымдастыруға ерекше назар аударуды ұсынды.
Егіндібұлақ ауылында мердігер «Винтрейд» ЖШС жауапты медициналық пунктті күрделі жөндеуге мониторинг жүргізілді. Қазіргі уақытта жоспарланған жұмыстардың 42% орындалды, аяқталу мерзімі 2024 жылдың шілдесіне жоспарланған.
Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар депутаттарға ойын алаңын ауыстыру және жергілікті мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы өтініш білдірді.
Аудан бойынша мониторингтік топ ауыл ішіндегі жолдар мен трассалардың сапасыздығын, сондай-ақ ұялы және интернет байланысының нашарлығын атап өтті.