Тереңкөлде мешіттен ақша ұрлаған тұрғын сотталды

Тереңкөлде мешіттен ақша ұрлаған тұрғын сотталды
Фото: Константин Шелков

Қарағанды облысының тумасы апелляцияға бермекші болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Іс материалдары бойынша, биылғы жылдың ақпан-мамыр айлары аралығында айыпталушы Тереңкөл ауданының екі ауылынан, Шарбақты ауданы, Ақсу қаласының ауылдық жеріндегі орналасқан мешіттерден садақаға қалдырылған ақшаны бірнеше рет ұрлаған және ұсақ-түйек жымқыру әрекеттерін жасаған.

Тереңкөл аудандық сотында бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қаралған болатын. Ер адамға қатысты тағылған қылмыстар мен үкімдердің жиынтығын ескере отырып, жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеумен үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған еді. 

Аталған үкіммен келіспей, азамат апелляцияға берген. Шағымда оның жазасын жеңілдетіп, бас бостандығынан айырмауды сұраған еді. Іс Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында қарастырылды. 

Прокурор мен жәбірленушілердің өкілдері 2023 жылғы 28 шілдедегі үкімді өзгеріссіз, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

– Тереңкөл аудандық сотында шығарылған үкімді өзгеріссіз, сотталушының апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырылды,– деді Павлодар облысы сотының баспасөз қызметінде. 

Қаулы заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, наурыз айында Қарағанды тұрғыны Тереңкөл ауданының Қызылтаң ауылында ешкім бақыламайтынын пайдаланып, еркін қол жеткізу жолымен 140 мың теңге сомасында ақша қаражатын ұрлаған. Бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған.