Екібастұзда зорланған қыздың анасы тергеушіге қылмыстың ашылуына алғыс білдірді

Екібастұзда зорланған қыздың анасы тергеушіге қылмыстың ашылуына алғыс білдірді
Фото: pexels.com

Полиция капитанының арқасында қылмыскер 20 жылға сотталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кәмелетке толмаған жәбірленуші қыздың анасы Екібастұз қаласы полиция басқармасының аға тергеушісі Жаңылсын Сағадаттың жұмысына алғыс білдіріп, хат жазды.  

– Оның кәсібилігі, қажырлы еңбегі, әділдікке деген  ұмтылысы мен табандылығының арқасында орасан зор жұмыс жасалды. Полиция капитаны күдіктінің кінәсін дәлелдейтін барлық айғақтарды жинау нәтижесінде ер адамға 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оның жасаған әрекеті үшін әділ жаза деп санаймыз. Осы нәтиженің барлығы – Жаңылсын Дәуренқызының еңбегі. Біз оның төзімділігі, батылдығы және қажымас кәсібилігі үшін, сондай-ақ баламның және бүкіл отбасымыздың психологиялық қолдауы үшін ризамыз, – деп жазды қыздың анасы. 

Сондай-ақ, әйел Екібастұз қаласының полиция басқармасы тергеу бөлімінің басшылығына алғысын білдіруде. 

Еске сала кетейік, істің мән-жайы бойынша мамыр айында 14 жасар қыз сыныптасымен бірге аялдамада тұрған кезде бейтаныс ер адам келіп, күшігін алып кетуді ұсынды. Оқушылар келісіп, ер адамның пәтерінен күшікті алып кеткен. Қыз жануарды үйіне әкелгенде оның туысы күшікті алған жерінен қайтадан апарып тастау керектігін айтқан. Оқушы телефон арқылы күшік иесіне көшеде кездесуді өтінген, бірақ ол өзін жайсыз сезініп тұрғанын сылтауратып, пәтеріне әкеліп беруін сұраған. Ер адамның үйіне баруға мәжбүр болған қыз пәтерде қалып, таңға дейін зорланды. Іс сотта қаралып, ер адам 20 жылға бас бостандығынан айырылды.