Шара қолданылады: Асайын Байханов жыл соңына дейін үйлерді тапсыру жайлы ескертті
Өңірдің үш ауданында әлеуметтік осал тұрғындар үшін салынып жатқан үйлердің құрылысы кешіктірілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте өңірлік құрылыс басқармасының басшысы Асқар Ажмұрат жыл басында мұқтаж жандарға 212 пәтер беру міндеті жүктелгенін атап өтті. Бұған республикалық бюджеттен үш миллиард теңге бөлінді. Бірақ бүгінгі күні тек 35 пәтер сатып алынған, қаражаттың тек 16 пайызы игерілген.
Желтоқсан айының соңына дейін қалалар мен аудандардың әкімдері бұл көрсеткішті көтеруі тиіс. Бұл ретте, аймақ басшысы Асайын Байханов мемлекеттік органдар мен аудан әкімдерінің мәселені қалай шешетінін түсіндіруді талап етті.
– Үш ауданда республикалық бюджеттен қаражатты игермеу қаупі бар. Бұл – Ертіс, Успен және Тереңкөл аудандары. Успен ауданында құрылыс қарқыны орташа деңгейде. Ал, Ертіс ауданында 36 пәтерлік үш үйдің екеуі тапсырылды, үшіншісінде әрлеу жұмыстары жүріп жатыр, жұмыстар 90 пайыз орындалды, – деді Асқар Ажмұрат.
Бұл ретте, облыс әкімі республикалық қаражат игерілмеген жағдайда қайтарылатынын және бұл мақсатқа облыстық бюджеттен қаражат бөлінбейтінін кесіп айтты.
– Бюджетке өтінім түсіргенде жылдың аяғына дейін толықтай бәрін игереміз деп уәде бересіздер. Сол мемлекеттік қаражатты сіздерге бөлеміз де аяғында өзіміз бөлген қаражат үшін сіздермен бірге жүру керек. Жиырма күннің ішінде құрылыс жұмыстарын аяқтап, баспаналарды тапсырыңыздар. Баспанасыз қиындық көріп жүрген отбасыларымыз көп. Бұлай болмау керек. Жоспарды орындамасаңыздар, қатаң шаралар қолданатын болады, – деді Асайын Байханов.
Жоғарыда аталған әкімшілік бірліктердің әкімдері бұл мәселені жыл соңына дейін шешуге уәде берді.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыста 296 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды, тағы 14 үй салынуда. Павлодарда «Достық» шағын ауданында төрт үй салынуда, олардың біреуі – 112 пәтерге арналған №7 үй – пайдалануға беру рәсімдері жүріп жатыр. Қалған үш 1008 пәтерлік үй келесі жылы тапсырылады.