Шарбақты ауданы медицина кадрларымен толықтай қамтылған

Шарбақты ауданы медицина кадрларымен толықтай қамтылған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

2025 жылы Шарбақты ауданына тоғыз дәрігер келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудан әкімі Сержан Иманқұлов азаматтардың денсаулығы – барлық медициналық қызмет көрсетудегі басты басымдық екенін атап өтті. 

– Бүгінде қолжетімділік, қызмет сапасы және медициналық құрал-жабдықпен қамтылу ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртудағы негізгі бағыттар болып отыр. Ауданда алты дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді, олардың барлығы облыстық бюджет есебінен медициналық көлікпен қамтамасыз етілген, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар аудандық аурухана үш жаңа санитарлық автокөлік сатып алды. Денсаулық сақтау нысандарының жай-күйіне де ерекше көңіл бөлінуде.

Аудан әкімдігінде хабарлағандай, алдағы уақытта Красиловка ауылындағы медициналық пункт ғимаратына жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Ал қалған медициналық мекемелердің жағдайы қанағаттанарлық деп танылған.

Еске сала кетейік, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы үш негізгі бағытты қамтиды. Олар – ауылдық елді мекендерді алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмекті уақтылы көрсету және медициналық мекемелердің кадрлық әлеуетін нығайту.

Жоба аясында облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 30 нысанның құрылысы аяқталды. Оның ішінде медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар бар. Бұл мақсатқа 4,8 миллиард теңге бөлінген.

Әлеуметтік саланы дамыту жұмыстары да жалғасуда. Ауданда Алексеевка ауылындағы шағын орталықта, Красиловкадағы мектепте және Шарбақтыдағы «Балдаурен» балабақшасында күрделі жөндеу жүргізілді. Жаңа үлгідегі оқу кабинеттері сатып алынды.

Денсаулық сақтау саласында барлық ауылдық округтерде санитарлық көлік пен медициналық жабдықтар жаңартылды. Тұрғындардың өтініші бойынша Шарбақты ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін күрделі жөндеуге және ауылдың оңтүстік бөлігінде жаңа спорт кешенін салуға 300 миллион теңге бөлінді.

Маңызды әлеуметтік қадамдардың бірі – 110 пәтерлі үш көпқабатты тұрғын үйдің салынуы. Бұл аудан бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегін екі есе қысқартуға мүмкіндік берген.

Инфрақұрылымды дамыту да басым бағыттардың қатарында. Биыл бюджет қаражаты есебінен Жылыбұлақ, Шарбақты, Есілбай, Красиловка, Сахновка және Малиновка елді мекендерінде 14 шақырым ауылішілік жол жөнделген. Төрт балалар және спорт алаңы орнатылған.

Ал келесі жылы Назаровка ауылына апаратын жолды асфальттау, сондай-ақ Тәуелсіздік, Поляков және Толстой көшелерін жөндеу жоспарланып отыр.

Бұған дейін хабарланғандай, аудан бойынша ауыз сумен қамту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Шарбақты, Хмельницкое, Галкино, Маралды, Сосновка және Жылыбұлақ ауылдарын қоса алғанда, 18 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Нәтижесінде аудан халқының 95 пайызы таза ауыз сумен қамтылмақ.