Шарбақты ауданында 20 жылға жуық кезекте тұрған отбасы баспаналы болды
Тағы бес отбасы үйдің кілттерін алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Республика күні қарсаңында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Шарбақты ауданына барған жұмыс сапары барысында үш бөлмелі алты үйдің кілттерін көп жылдар бойы кезекте тұрған отбасыларға табыстады. Осы орайда аймақ басшысы ауыл тұрғындарына сабырлылық пен шыдамдылық танытқаны үшін алғыс білдіріп, қоныс тойымен құттықтады.
– Биыл облысымызда соңғы 15 жылда бірінші рет мыңға жуық пәтер табысталып жатыр. Шарбақтыда үй кезегінде бірінші тіркелген адам өзінің баспанасын 18 жыл күткен. Бұл – өте үлкен мерзім. Үйлеріңіздің күн сайын қуаныш пен бақытқа толы болуын тілеймін, – деді Асайын Байханов. – Өз тарапымыздан жақын арада бұл кезекті айтарлықтай азайту үшін жыл сайын әлеуметтік тұрғын үй құрылысын ұлғайтамыз деп уәде бере аламыз.
Үй кезегінде 10 жыл тұрған Галкин аулының тұрғыны Бибігүл Ивин баспаналы болғанына сенбей жүрген. Енді бес баланы тәрбиелеп жүрген жалғызбасты ана үш бөлмелі пәтерге көшеді. Бұған дейін үйді жалға алып тұрған.
– Бүгін кілтті алып, қуанып жатырмыз. Үйге келіп, көргенде ғана сене бастадым. Мерекеге қарсы осындай үлкен жетістікке жетіп жатырмыз. Баламен үйде отырып, жәрдемақы аламын, – деді әйел.
Алты үйде екі жатын бөлме, қонақ бөлме, асүй бар.