Павлодар облысының ауданында ірі тауарлы сүт фермасы салынады
Жоба жылына 6,5 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұлов 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері тұрақты өсім көрсеткенін мәлімдеді.
Ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары жыл қорытындысы бойынша 106,7 пайызға орындалды. Экономиканың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 21 176 миллион теңгені құрап, жоспар 112,6 пайызға орындалған.
Құрылыс саласында да айтарлықтай өсім байқалады. Ауданда атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 9 870,4 миллион теңгеге жетіп, көрсеткіш 153,1 пайызды құрады. Сонымен қатар, жыл ішінде 10 226 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Бөлшек тауар айналымы 105 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 112,6 пайызға орындалса, 2025 жылғы аудан бюджеті 5 915 млн теңгені құрап, қаражат толық игерілген.
– Инфрақұрылымды дамыту бағытында да нақты жобалар жүзеге асырылды. 2025 жылы Шарбақты ауылының оңтүстік бөлігінде демеушілік қаражат есебінен балалар ойын алаңы, сондай-ақ футбол, волейбол және өзге де командалық ойындарға арналған көпфункционалды спорт алаңы салынды, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, ауданда қуатты аграрлық кластер қалыптастыру мақсатында инвестициялық жобалар белсенді іске асырылуда.
Аудан әкімі қазіргі уақытта өндірістік қуаттарды арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған төрт ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Аталған жобаларды толық қуатына шығару 2026 жылға жоспарланған.
Негізгі инвестициялық жобалардың қатарына Шарбақты ауылында 500 гектар суармалы алқап салу жобасы, оның аясында «BelAgroGroup» компаниясының картоп пен сәбіз өндіру жобасы іске асырылуда.
– Назаровка ауылында «Назаровское 2026» компаниясының жылына 6,5 мың тонна сүт өндіруге арналған сүт-тауар фермасын салу жоспарлануда. Сол ауылда ауданы алты мың шаршы метрді құрайтын заманауи көкөніс қоймасының құрылысы басталмақ, бұл өнімді сапалы сақтауға және маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ аталмыш ауылда 600 гектар суармалы егіншілік алқабын дамыту жобасы жоспарланып отыр, – Сержан Иманқұлов.
Аудан басшысының айтуынша, аталған жобалар өңір экономикасының тұрақты дамуына, ауыл шаруашылығы өндірісінің артуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін береді.