Шарбақтыда полицей 10 жылдық қарыз мәселесін екі күнде шешті
Қарыз сомасы бес миллион теңгені құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын борыштық міндеттеменің орындалмауына байланысты арыз түсірді.
Әйелдің айтуынша, ол 10 жыл бұрын танысына бес миллион теңге қарызға берген, алайда осы уақытқа дейін ақшасын қайтара алмаған. Осы жылдар ішінде азаматтық сот процестері нәтиже бермеген.
Арызды бөлімнің анықтаушысы Айдана Галижапар қараған. Ол істі қысқа мерзімде шешіп, екі күн ішінде борышкерден пайыздық үстемемен бірге жалпы сомасы алты миллион теңгені өндіріп берген.
– Көп жылдар бойы ақшамды қайтара алмай жүрдім. Тек полиция қызметкерлерінің, әсіресе анықтаушы Айдана Галижапардың кәсібилігі мен жедел әрекетінің арқасында мәселе шешілді. Жеделдігі мен адамгершілігі үшін үлкен алғысымды білдіремін, – деді тұрғын.
Полицияда азаматтардың құқықтарын қорғау және өтініштерге уақтылы жауап беру ішкі істер органдары қызметінің басты басымдықтарының бірі болып қала беретіні атап өтілді.