Шетте жүрген павлодарлықтар да референдумға қатысуда
Олар шетелде ашылған дауыс беру учаскелерінде өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шеттегі жерлесіміздің бірі – Баянауылдың тумасы Асылбек Қажытай. Ол - Швейцарияның Женева қаласында қызмет бабымен жүр.
Швейцарияда тұрақты өкілдіктің аға референті қызметін атқарып жүрген Асылбек Қажытай өз таңдауын жасап, дауыс берді.

- Бүгін мен азаматтық борышымды орындап, референдумға қатысып, өз дауысымды бердім. Референдум – халықтың пікірін білдіретін, мемлекетіміздің даму бағытын айқындайтын демократиялық қадам, - деп бағалады ол.
Ал шетте жүрсе де елінің ертеңіне бейжай қарамайтын жастың бірі Айым Дүйсекен. Ол - Польшаның Лодзь қаласында экономика мамандығы бойынша білім алып жүр. Павлодарлық ару референдумға қатысып, дауыс беру өзінің басты міндетінің бірі деп санайды.

- Шет елде білім алып жүрсем де, бүгін елімізде өтіп жатқан референдумға қатысып, өз таңдауымды жасадым. Қай жерде жүрсек те Отанымыздың болашағы біз үшін әрқашан маңызды. Сондықтан осындай тарихи сәтте азаматтық ұстанымымды білдіруді өзімнің борышым деп санаймын. Еліміздің тұрақты дамуы мен жарқын болашағы үшін әрқайсымыздың таңдауымыз маңызды, - деді студент ару.
Айта кетелік, бүгін54 елде 71 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр.