Шілдедегі мұз: Павлодарда аулада серуендеп жүрген әйел жарақат алды

Шілдедегі мұз: Павлодарда аулада серуендеп жүрген әйел жарақат алды
Фото: ЖИ

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оқиға 8 шілде күні Павлодар қаласындағы аулалардың бірінде болған. Әйелдің жарақат алған сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрларда жас әйелдің баласымен серуендеп жүргені, кенеттен үстіне мұз кесегі құлағаны көрінеді. Қатты соққыдан әйел еңкейіп қалып, қолындағы балалар арбасын жіберіп алады. Арба еңіс жолмен сырғып кеткенімен, оны дер кезінде тоқтатып үлгерген. Соның арқасында сәби зардап шеккен жоқ. Ал әйел ауруханаға жеткізіліп, басына тігіс қойылды.

Оқиғаға байланысты «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

– Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Осы фактіге қатысы бар адамды анықтап, оны заңға сәйкес жауапкершілікке тарту үшін жан-жақты шаралар қабылдануда. Қылмыстық іс Павлодар облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Куәгерлердің айтуынша, мұзды тұрғын үйдің жоғарғы қабаттарының бірінен балалар лақтырған болуы мүмкін.