Тікелей эфирде көлік жүргізіп, былапыт сөз айтқан павлодарлық қамауға алынды
Павлодар қаласының 26 жастағы тұрғыны бір мезетте бірнеше бұзушылық жасаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында құқыққа қайшы әрекеттер көрсетілген тікелей эфир анықталды.
Белгілі болғандай, тікелей эфир кезінде ер адам автокөлікті басқарып келе жатып, көпшілік алдында былапыт сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Сондай-ақ ол қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарған.
Жедел жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтады. Ол Павлодар қаласының 26 жастағы тұрғыны болып шықты.
Жүргізушіге қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, сот шешімімен ол 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Тәртіп сақшылары азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстануға шақырады. Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желілерде, оның ішінде тікелей эфирлерде жарияланған құқыққа қайшы әрекеттер тұрақты бақылауда болады және заң талаптарына сәйкес тиісті құқықтық баға беріледі.