Таиландтық ару «Әлем аруы» байқауында жеңіске жетті

Таиландтық ару «Әлем аруы» байқауында жеңіске жетті
Фото: @missworld

Байқау 72-ші рет Үндістанның Хайдарабад қаласында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Таиланд өкілі, модель Опал Сучата Чуангсри «Әлем аруы» байқауында алғаш рет жеңімпаз атанды. Ал Эфиопия өкілі Хассет Дередже Адмассу «Әлем аруы» байқауының бірінші вице-мисс атағын иеленсе, екінші орынға польшалық Майя Клайда, ал үшінші вице-мисс атағына Мартиника өкілі Аурели Йохаим лайық деп танылды.

Опал Сучата Чуангсри 2003 жылы 20 қыркүйекте Пхукет қаласында қонақүй иелерінің отбасында дүниеге келген. Қазір ол Бангкок қаласындағы Таммасат университетінде халықаралық қатынастар факультетінде оқиды. Ол келешекте елші болуды армандайды. Модель тай, қытай және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Оның 5 иті мен 16 мысығы бар. Бұдан бөлек, ол сүт безі қатерлі ісігін зерттеумен айналысатын қорларда ерікті болып жұмыс істеген.

17 жасында ол алғаш рет жергілікті «Мисс Раттанакосин» сұлулық байқауына қатысқан. Одан кейін «Мисс Әлем Ғаламы Таиланд – 2024» байқауында өнер көрсетіп, көрермендердің зор қолдауына ие болған. Бұл оған ел намысын «Мисс Әлем Ғаламы – 2024» халықаралық байқауында қорғауға мүмкіндік берді. Аталған байқауда ол үшінші орынды иеленген.

16 жасында ол қатерсіз сүт безімен ауырып, оған ісікті алып тастау бойынша операция жасалған.

Хайдарабад қаласында өткен байқаудың финалдық кезеңінде Опал қазылар алқасына өз сенімділігін, зияткерлік қабілеттерін және әлеуметтік жұмысқа деген шынайы адалдығын көрсетті. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Ол 108 қатысушының ішінен финалға өтіп, жеңімпаз атанды.