Павлодар полициясы адам жоғалған жағдайда не істеу керектігін түсіндірді
Жақын адамды іздеуде уақыт жоғалтпау үшін полицияға бірден хабарласу қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, адам жоғалған жағдайда «102» нөміріне қоңырау шалып немесе кез келген полиция бөлімшесіне арыз беру керек. Өтініш берген кезде жеке басты куәландыратын құжат пен жоғалған адамның фотосуретін алып барған жөн.
Іздестіру кезінде кез келген ақпарат маңызды болуы мүмкін. Полицейлерге жоғалған адамның денсаулығы, араласатын ортасы, туыстарымен және таныстарымен қарым-қатынасы, болған жанжалдар, қарыздары мен жылжымайтын мүлікке қатысты әрекеттері туралы мәлімет берген жөн.
Балалар жоғалған жағдайда олардың қайда, кіммен және қандай мақсатпен кеткенін білу іздеу аумағын анықтауға көмектеседі. Сондықтан полиция ата-аналарға балаларды бейтаныс адамдармен сөйлескен кезде өзін қалай ұстау керектігіне үйретуді ұсынады.
– Туыстарыңызға, әсіресе кәмелетке толмағандарға, олардың қайда, кіммен, қандай бағытпен және қандай мақсатпен бара жатқанын не үшін үнемі білгіңіз келетінін түсіндіріңіздер. Бұл – аңду емес, олардың қауіпсіздігіне деген алаңдаушылық, – деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Тәртіп сақшылары әр отбасы мүшесінің үйден шығарда қайда баратынын және шамамен қашан оралатынын жақындарына хабарлап отыруын әдетке айналдыруға кеңес береді.
Сондай-ақ жеке басты куәландыратын құжаттарды өзімен бірге алып жүрген дұрыс. Егер адам ес-түссіз күйде ауруханаға түссе немесе жадын жоғалтса, құжат оның жеке басын анықтап, туыстарымен тезірек байланысуға көмектеседі.
Іздеу жұмыстары жүріп жатқан кезде үйде бір адамның қалғаны жөн. Жоғалған адам өздігінен оралған жағдайда полицияға дереу хабарлап, іздестіруді тоқтату қажет.
Полицияның мәліметінше, хабар-ошарсыз жоғалудың әрбір дерегі бойынша іздеуге ішкі істер органдарының қызметкерлері, қосымша күштер, қоғам өкілдері мен еріктілер жұмылдырылады. Қажет болған жағдайда жоғалған адам туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарына таратылады.