Танымал өнер иесінің оригинал фотолары Павлодар музейіне тапсырылды

Танымал өнер иесінің оригинал фотолары Павлодар музейіне тапсырылды
Фото: Константин Шелков

Оларды Ләйлә Хасенқызы тарту еткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, әнші, актер Хасен Байырмановтың 120 жылдығына орай «Өмір өсірген өнер иесі» атты әдеби музыкалық кеш ұйымдастырылып, жеке көрмесі ашылды.

Хасен Байырманов – актер, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Ауыл мектебінен сауат ашқан. 1930 жылы Қазақ драма театрына қабылданып, М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Жапалдың, Ж. Шаниннің «Шахтасы» мен «Торсықбайындағы» жалшының рөлдерін ойнап, актерлік өнерге бейімділік танытады.  

Ол М. Әуезовтің пьесалары бойынша қойылған спектакльдердің бәріне қатысып, Жантық («Айман-Шолпан»), Қараменде би («Еңлік-Кебек»), Төлеген («Қыз Жібек»), Қоңқай («Ақан сері-Ақтоқты»), Қарабай («Қозы Көрпеш-Баян сұлу») рөлдерді ойнады. Халық әндерін орындауда өз ерекшелігімен танылды. 

Кеш барысында актердің тұңғыш рет көрмесі ұйымдастырылды. Қызы Ләйлә Хасенқызы жеке заттары мен құжаттарын музей қорына тапсырды. Олар: кесесі, медальдары, гримдары, айнасы, бас киімі, шапаны, жейдесі және оригинал фотолары.

– Ләйлә Хасенқызының жасы сексенге таяп қалды. Сол себептен, іс-шарамызға келе алмады. Алайда музей қорына жеке заттарын тарту етті. Музей атынан алғысымызды білдіреміз, – дейді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің меңгерушісі Сәуле Арынғазина.

Хасен Байырмановтың аталас туысы Зада Хайыргелдин сөз сөйлеп, Мағжан Ысқақтың, Алмаз Мұқатайдың, Назымгүл Шапағаттың орындауында әсем әндер шырқалды, музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының «Кербез» жетігеншілер ансамбілі күй тарту етті.

Қазіргі таңда актердің балалары Семей қаласында тұрады. Актер Иса Байзақовтың «Желдірмесін» өзгеше айтатын әншілердің бірі болған. Оның шәкірті болғандықтан, еске алу кешінде әндері орындалды, актердің өмірбаяны айтылды.