Павлодарлықтарға «Аяздағы гүлдер» көрмесінің әсемдігі көрсетілді
Н. Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемөнер музейінде кескіндеме және гобелен көрмесі ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көрме музейдің қор коллекциясы негізінде ұйымдастырылып, қазақстандық көркемөнер мектебінің классиктері саналатын Жанатай Шәрденов, Айша Ғалымбаева, Нағымбек Нұрмұхаммедов, Әли Жүсіпов, Виктор Крылов, Нұрбек Таңсықбаев, Иван Стадничук және өзге де авторлардың 23 кескіндеме туындысы, сондай-ақ үш авторлық гобелен ұсынылды.
– Қысқы пейзаждар тақырыбы гүлдер бейнеленген натюрморттармен үндесіп, пейзаж, натюрморт және композиция жанрлары арасындағы жылы әрі үйлесімді әсерін тудырады. Экспозицияға павлодарлық суретшілер Алексей Дьячков, Михаил Колмогоров, Сергей Шаронов, Евгений Фридлиннің де еңбектері енгізілді. Қыс тақырыбындағы авторлық гобелендер қолмен тоқылған туындылар ретінде жүннің жұмсақтығы мен жылуын сақтайды. Бұл – қыстың суығында жылу сыйлайтын материал, – деді музей қызметкерлері.
Көрме ХХ-ХХІ ғасырлардағы қазақстандық кәсіби суретшілердің шығармашылық ізденістерінің көрінісі болып табылады. Экспозиция бір ай бойы жұмыс істейді.