Тарихта болмаған: Павлодар облысында зауыттардың шығарындылары азайды

Нақты шығарындылардың шамамен 44 пайызы Екібастұз қаласына тиесілі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс аумағында өндірістік процесі қоршаған орта компоненттеріне, әсіресе атмосфералық ауаға айтарлықтай жүктеме түсіретін республика бойынша ең ірі, ТОП-50 құрамына кіретін 10-ға жуық өнеркәсіптік кәсіпорын бар.
Атмосфералық ауаға ластаушы заттардың жалпы шығарылуы облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындарынан қалыптасады. Павлодар облысы бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Әсет Сыздықовтың айтуынша, нақты шығарындылардың шамамен 44 пайызы Екібастұз қаласында, Ақсу қаласында – 26 және Павлодар қаласында 25 пайыз тіркелген.
– Бұл ретте экономика салалары бөлінісінде нақты шығарындылар: жылу энергетикасы – 66 пайыз, қара металлургияда – 8,5 пайыз, түсті металлургия – 17, мұнай өңдеу – 2,8, тау-кен өндіру және тау-кен металлургиясы 1,4 пайыз үлесіне келеді, – деді бас инспектор.
Жыл сайын облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындарының ластаушы заттардың нақты шығарындыларының көлемі жылына 700 мың тоннадан астамды құрайды.
– Алайда талдау жалпы эмиссиялардың төмендеу үрдісін көрсетеді, мысалы, облыс бойынша шығарындылар динамикасы: 2021 жылы – 730 мың тонна, 2022 жылы – 726 мың тонна, 2023 жылы – 703 мың тонна, 2024 жылы – 697 мың тонна, бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5 мың тоннаға аз. Жалпы, алғаш рет нақты шығарындылар 700 мың тоннадан төмен, – дейді Әсет Сыздықов.
Бұл ретте, 2024 жылы департаментпен 83 кәсіпкерлік субъектісі тексерілген. Нәтижесінде 46 миллион теңгеден астам сомаға 74 әкімшілік айыппұл салынған.
2025 жылдың өткен кезеңінде департаментпен 16 тексеру тағайындалып, экологиялық заңнама талаптарының 17 бұзушылығы анықталды. Нәтижесінде үш миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынып, толық көлемде өндіріліп алынды.