«Тарихтың ізімен»: Павлодар облысында киелі орындарға турлар ұйымдастырылуда

«Тарихтың ізімен»: Павлодар облысында киелі орындарға турлар ұйымдастырылуда
Фото: автор

Қатысушылар рухани-танымдық саяхатқа аттанып, өңірдің көрікті алты аймағын аралайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

«Тарихтың ізімен» жобасы жыл сайынғы жоспар негізінде жүзеге асады. Ұйымдастырушылар 2024 жылдың басында жылдық бағдарлама дайындап, жазғы маусымда іске асыруды мақсат еткен. 1 маусым - 1 шілде аралығында өтетін бастама бір айға жалғасады. Жоба аясында Павлодар қаласының маңындағы тарихи-мәдени маңызы бар алты бағыт таңдап алынған. Олар: Железин, Баянауыл, Шарбақты, Май, Аққулы аудандары мен Екібастұз қаласы.

Ұйымдастырушылар жергілікті тарихпен танысу үшін әр бағытты терең зерттеп, ерекше орындарды анықтаған. Әр турға 14-35 жас аралығындағы қатысушылар іріктеліп, әрбір топта 30 адамнан болады.

Саяхат барысында қатысушылар тек тарихи жерлермен ғана танысып қоймай, түрлі адамдармен еркін араласады, жаңа байланыстар орната алады. Барлық қатысу — тегін.  Түскі ас, жеңіл тағамдар қарастырылған және ең бастысы — жағымды көңіл күй.

— Жобамыздың мақсаты — жастардың өз өңіріне деген сүйіспеншілігін арттырып, Павлодар облысында қаншалықты бай тарихи орындар бар екенін көрсету, — дейді жобаның үйлестірушісі Айгерім Кенжалина.

«Тарихтың ізімен» жобасы — тек экскурсия ғана емес, рухани байланыс, өткенге құрмет және болашаққа бағдар. Мұндай бастамалар жастардың патриоттық рухын арттырып, туған өлке тарихына деген қызығушылығын оятады.