«Таза Қазақстан»: Павлодар облысында мыңдаған экологиялық құқық бұзушылық анықталды
Павлодарда табиғатты ластағандарға қатысты жауапкершілік күшейтілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар әлі де жалғасуда. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы мен «Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында экологиялық құқық бұзушылықтарға қатысты «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жалғасуда.
— Ағымдағы жазғы маусымда қоғамдық орындарды ластау фактілерінің күрт өсуі тіркелуде. Атап айтқанда, саябақтар, скверлер мен жағалау аймақтары тұрғындар тарапынан рұқсат етілмеген жерлерде табиғат аясында демалыс ұйымдастыру үшін жаппай пайдаланылуда. Онда көбіне тұрмыстық қалдықтарды тастап кету, жағалау аймақтарында от жағу фактілері анықталып отыр. Бұл көбінесе жасыл желектерді бүлдірумен қатар жүреді, - дейді тәртіп сақшылары.
Жыл басынан бері облыс бойынша уәкілетті органдар 136 заңсыз қоқыс үйіндісін, абаттандыру қағидаларын бұзудың 3 мыңнан астам фактісін, ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 200-ге жуық фактісін, заңсыз су пайдаланудың 50-ге жуық объектісін және жасыл желектерді бүлдірудің 10 жағдайын анықтады.
Барлық анықталған құқық бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданып, кінәлі тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылуда.
Облыста осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.