«Таза Қазақстан»: Павлодарлық студенттер шағын ауданды қоқыстан тазалады

«Таза Қазақстан»: Павлодарлық студенттер шағын ауданды қоқыстан тазалады
Фото: Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасы

Усолка шағын ауданын тазалауға 20-ға жуық колледж белсенділері атсалысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы Павлодар облыстық штабы «Таза Павлодар» экологиялық іс-шарасын ұйымдастырды. Оған Павлодар техникалық сервис колледжінің студенттері белсене қатысты.

Аталмыш іс-шара энергия тұтыну мәдениетін қалыптастыруға, энергия ресурстарын тиімді және жауапты пайдалану саласында жастарға білім беруге бағытталған. Баламалы энергия көздерін танымал ету: күн, жел, гидро және атом энергиясын пайдаланудың артықшылықтары мен мүмкіндіктері туралы хабардар ету. Тұрақты дамуға қызығушылықты ынталандыру: экология мен тұрақты болашақ мәселелеріне назар аудару.

 – «Таза Павлодар» – штабтың дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын іс-шарасы. Жастар мен ұйымдардың, қала тұрғындарының түрлі іс-шараларға белсенді қатысатыны қуантады. Барлық жұмыс кезеңінде және «Таза Қазақстан» науқаны аясында 10-нан астам экологиялық іс-шара мен 30-ға жуық экологиялық сенбілік өткіздік, – дейді «Жасыл ел» Павлодар қалалық штабының командирі Арина Краскова.

Оның айтуынша, штабтың негізгі ұраны – қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешу, жастарды экологиялық бастамаларға тарту. 

Қазіргі таңда «Жасыл ел» облыстық штабының жұмысы бойынша екі тоннаға жуық 1000-нан астам қап қоқыс жиналды. Олар: пластик, қайта өңделмейтін қалдықтар, шыны. 

– Белсенді жастарымыз Усолка шағын ауданының жағалау аймағын қоқыстан тазартты. Айта кетерлігі, бүгін жеткілікті қоқыс жиналды. Мұндай іс-шаралар қоғамның назарын экологиялық мәселелерге аударуға және оларды шешу үшін одан әрі әрекет етуге ынталандыруы мүмкін, – дейді ол.

«Таза Павлодар» экологиялық іс-шарасының ерекшелігі қатысушылар арасында экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді, табиғатты сақтаудың маңыздылығын түсінуді арттырады және оларды осы бағыттағы бірлескен іс-қимылдарға ынталандырады. 

Сондай-ақ, акциядан тыс тұрақты негізде түрлі экологиялық іс-шаралар, түрлі форматтағы экологиялық сенбіліктер, челлендждер, дөңгелек үстелдер, спорттық-экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылады.