Телефонға елеңдеген павлодарлық жүргізуші айыппұл арқалады

Жыл басынан бері ұялы телефондарды пайдалану ережелерін бұзғаны үшін мыңнан астам жүргізушінің жолы кесілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілердің мониторингі барысында Toyota маркалы автокөліктің жүргізушісі Павлодар – Қызылорда тас жолында келе жатып, құлаққапсыз ұялы телефонмен сөйлескен сәті бейнеге түсіп, парақшалардың біріне жарияланғаны анықталды.
– Жүргізуші көлік құралын жүргізіп, телефонды пайдаланып, ережені бұзды. Бұл оның да, басқа адамдардың өміріне қауіп төндіретін бұзушылық. Жүргізушіге қатысты әкімшілік материал толтырылды, – деді департаментте.
Бұл ретте, тәртіп сақшылары жыл басынан бері ұялы телефондарды пайдалану ережелерін бұзғаны үшін мыңнан астам жүргізушінің жолын кескен.
Полиция департаменті аймақ тұрғындарынан жол жүру ережелерін сақтауды сұрайды.