Тереңкөл ауданында тұрғындар сапалы медициналық көмекке қол жеткізе түсті

Тереңкөл ауданында тұрғындар сапалы медициналық көмекке қол жеткізе түсті
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Ауданда денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазіргі таңда ауданда 23 медициналық нысан халыққа қызмет көрсетуде. Олардың қатарында аудандық аурухана, дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және медициналық пункттер бар.

Жақында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Ивановка ауылында жаңа медициналық пункт салынып, пайдалануға берілді. Қуанышты жаңалықпен аудан әкімі Азамат Маңғұтов бөлісті. 

Елді мекенде шамамен 600-ге жуық тұрғын тұрады. Жаңа нысан ауыл халқына алғашқы медициналық көмекті уақытылы әрі қолжетімді алуға мүмкіндік береді.

Аудан әкімінің айтуынша, медициналық пункттің материалдық-техникалық базасы толықтай жаңартылған.

– Барлық құрал-жабдықтар заман талабына сай. Ең бастысы, ауыл тұрғындары физиотерапиялық ем алу мүмкіндігіне ие болды. Бұған дейін мұндай қызмет түрі болмаған. Сондықтан бұл нысан тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды серпіліс болады деп сенемін, – деді аудан басшысы.

Қазіргі таңда Тереңкөл ауданында 25 дәрігер еңбек етеді. Ағымдағы жылы салаға екі жаңа маман келіп қосылды. Олардың бірі – бас дәрігер, екіншісі – травматолог.

Дегенмен кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Ауданда жеті дәрігер мен 11 орта буын медициналық қызметкер жетіспейді. Әсіресе нарколог, невропатолог және травматолог мамандарына сұраныс жоғары.