Тереңкөл ауданында алғаш рет мақсары егілді
Аталған майлы дақыл 2 мың гектарға егілген, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Тереңкөл ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Асайын Байханов көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысты. Биыл ауданның егіс алаңы 306,7 мың гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар – 178 мың гектарға жуық, майлы дақылдар – 85,6, жемшөп 41, 7 мың гектарға жетеді. Жүгері мен картоп дақылдары көбейген. Сонымен қатар, алғаш рет жаңа дақыл – мақсары отырғызылған.
– Бұл майлы дақыл шетелде үлкен сұранысқа ие және майымен құнды. Оның бағасы тоннасына 500-900 АҚШ долларын құрайды. Сондықтан экспортқа шығару жоспарлануда, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов.
Сонымен қатар аймақ басшысы Тереңкөл ауданында Львовка ауылында болды. Жергілікті спорт кешені 2009 жылы «Вильгельм» ШҚ қаражатына салынған. Мұнда әр сыныпта 5-6 бала болса да, жаттықтырушы мен оның тәрбиеленушілері жақсы нәтиже көрсетуде. Львовка волейболшылары облыс чемпиондары атанып, ел чемпионатына қатысқан.
Облыс әкімі ШҚ басшысы Александр Вильгельмге салауатты өмір салтын насихаттағаны үшін алғыс білдіріп, жас спортшыларға табыс тіледі.
– Осындай жауапкершілігі зор бизнесмендер көп болса, шынымен де дамыған елдердің біріне айналамыз, – деді Асайын Байханов. – Сіздерге тек сәттілік тілеймін. Араларыңызда болашақ ғалымдар, спортшылар, Олимпиада чемпиондары немесе профессорлар мен академиктер бар деп үміттенеміз. Әкім болу қажет емес, себебі әкім болу қиын.
Облыс әкімінің Тереңкөл ауданына жұмыс сапары жалғасуда.