Торайғыр көлінің жағасында 100-ге жуық қарақұрттың көзі жойылды

Былтыр улы өрмекші көлдің аумағында қаптап, тұрғындардың мазасын қашырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылым және мониторинг бөлімі мен Жасыбай бөлімшесінің мемлекеттік инспекторлары бірлесе отырып, Жасыбай бөлімшесінің 6-шы орамындағы Торайғыр көлінің тасты жағажайында қарақұрттарды көзін жою іс-шаралары жүргізілді.
– Мониторинг барысында 93 қарақұрттың, оның ішінде 26 аталық, 67 аналықтың көзі жойылды, – деді мамандар.
Қарақұрт – улы өрмекші тәрізділер тұқымдасына жатады. Көздері күндіз де, түнде де бірдей көреді. Ұрғашы қарақұрт ұясын жерге салады, оның айналасына тор тоқып, жәндіктермен қоректенеді.
– Көктемнің басынан бастап бүгінгі күнге дейін қарақұрттың 103 аналығы, 30-дан аса жұмыртқаны жиналып, құтыға салынып, өртенеді. Қарақұрттар өткен жылы таралып жүрген Торайғыр көлінің жағасында табылды. Олардың басқа аумаққа таралуы әзірге байқалған жоқ, – деді Ұлттық парк директоры Аждар Жүсіпов.
Жәндіктердің таралуына жол бермеу мақсатында тұрғындар мен демалушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.