Павлодарда ең көп ереже бұзушылық жер қатынастары бөлімінде анықталды
2022 жылы Павлодар облысында 10,1 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы баспасөз жиынында ҚР мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов мәлім етті.
– Өткен жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты 26 шағым келіп түсті. 13 өтініш қаралды, қалғаны басқа органдардың қарауына жіберілді, – деді Ержан Қарымсақов.
Сондай-ақ департамент 2022 жылы 33 бақылау іс-шарасын жүргізген. Нәтижесінде 7 440 ереже бұзушылық анықталған. Ең көп бұзушылық 7 264 (99,4%) жер қатынастары саласына тиесілі. Оның ішінде 7 152 ереже бұзушылық Павлодар қаласының жер қатынастары бөлімінде анықталды.
– Бұл бөлімде мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты ережелер бұзылған. Жалпы жер бөлуде жер алуға өтініш бергендердің өтінішін уақытында қарау, құжаттардың жиынтығы толық болуы, қаулыны уақытында шығару деген сияқты бірқатар ережелер бар. Бөлімнің басшысы мен орынбасарына айыппұл салдық. Бұл бұзушылықтар соңғы 2 жылда жиналған. Биыл жыл басында отырыс өткізіп, бұл мәселенің алдын алу, тиісті шара қолдану бойынша ұсыныстар бердік, – деді Ержан Қарымсақов.
Жүргізілген бақылау іс-шаралары нәтижесінде облыс бойынша 43 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 15 лауазымды тұлғаға қатысты 20 хаттама, оның ішінде жер қатынастары саласындағы бұзушылық үшін 16 хаттама толтырылды. Мемлекеттік бюджетке 719 805 теңге айыппұл өндірілді.
Одан бөлек, 2022 жылы мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне қатысты бақылау бойынша 140 шағым түскен. Департаментпен 42 тексеру жүргізілді. Тексеру және профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік органдарда 5 552 бұзушылық анықталып, 25 ұсыну мен ұйғарым енгізілді.
Жиын барысында департамент басшысы Ержан Қарымсақов мемлекеттік қызмет көрсетуде немесе мемлекеттік қызметкерлердің іс-әрекетіне қатысты шағымдар болса 8(7182) 20-85-06 сенім нөмірі арқылы хабарлауға болатынын айтты.
Еске салайық, бұған дейін облыстық әкімдіктің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Асайын Байханов конкурс арқылы жер бөлуде комиссияның жұмысына қатысты шағымдар көп түсетінін атап өтіп, жер комиссиясының мүшелеріне жер заңын оқытуды тапсырды.
Фото: Константин Шелков және ӨКҚ