«Өнерлі шаһар»: Павлодар көшесінде тағы бір тың туынды пайда болды
Мурал «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында «Тура жолдан тайма!» деген тақырыппен салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының көшелерінің көркін аша түскен муралдар саны күн санап артып келеді. Бұл жолы көркем композиция заңға бағыну мәдениетін насихаттауға, жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталған.
Муралдың негізгі идеясы – өмірлік жолды саналы түрде таңдау. Туындыда өмірдің жарық және қараңғы жақтарын қарама-қарсы бейнелеу арқылы оң құндылықтар мен жағымсыз әлеуметтік құбылыстар арасындағы айырмашылық көрсетілген. Екі жас адамның бейнесі жарқын болашаққа ұмтылуды, зиянды әдеттерден бас тартуды, адалдық, жауапкершілік және заңды сақтау қағидаттарына беріктікті білдіреді.

Мурал Павлодар қаласы, Ш. Құдайбердіұлы көшесі, 1 мекенжайында, салынып жатқан жаңа мектептің жанында орналасқан. Бұл орынның таңдалуы ең алдымен жас ұрпақты қамтуға және заманауи көше өнерін профилактикалық әрі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімді құралы ретінде пайдалануға бағытталған.
Аталған жобаны іске асыру «Заң мен тәртіп» қағидатын қалалық ортада кеңінен насихаттауға, қоғамда құқыққа қайшы әрекеттерге төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға және өскелең ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Еске сала кетейік, алматылық суретшілер сенбі күні отбасы құндылықтарына, бірлік пен ұрпақтар сабақтастығына арналған «Қара шаңырақ» атты кезекті муралдың жұмысын аяқтаған болатын.
Фото: Қалалық ішкі саясат бөлімінен.