Успен ауданында алимент төлемеген әке жазаланды
Оның алимент бойынша қарызы үш миллион теңгеден асып кетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сот залында азаматқа қатысты ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Жеке сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізуіне сәйкес азамат П. кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент өндіріп алу туралы сот шешім бойынша борышкер болып табылады. Азамат оған жалақының немесе өзге де табыстың барлық түрлерінен 1/3 бөлігі мөлшерін беруге міндетті. Пайда болған берешекті төлеу туралы бірнеше хабарламаға қарамастан, борышкер сот актісін орындамайды. 2023 жылдың қараша айындағы жағдай бойынша оның алимент бойынша 3 миллионнам астам теңге мөлшерінде берешегі қалыптасты.
– Сотта П. кінәсін мойындап, қазіргі уақытта жұмысқа орналасып жатқанын, мүмкіндігінше берешекті өтейтінін түсіндірді. Сотпен П. кінәлі деп танылып, 5 айлық есептік көрсеткіш (18 мың 460 теңге) мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды, – делінген хабарламада.
Қаулы заңды күшіне енді.