Успен ауданында партиялық жобалардың орындалу барысы тексерілді
Үш мектеп жөнделді, бес жаңа медпункт салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының мәліметінше, Успен ауданына облыстық мәслихат депутаты Николай Дычко жұмыс сапарымен барып, партиялық жобалар мен Сайлауалды бағдарламаның іске асырылу барысын бағалады. Сапар барысында Қозыкеткен, Қызылағаш, Ольховка және Константиновка ауылдарының тұрғындарымен кездесулер өтті.
Сапар аясында ауыл өмірінің негізгі салаларын қамтитын партиялық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл кәсіпкерлігін қолдау жалғасуда.
– 2025–2026 жылдары жалпы сомасы 62,3 миллион теңгеге жеті жеңілдетілген несие берілді. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл экономикасын дамытуға ықпал етуде. Сонымен қатар, пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізуге бағытталған «Жер аманаты» жобасы жүзеге асырылуда: 2026 жылға жоспар 7,6 мың гектарды құрайды, оның жартысынан астамы бүгінде дайындалған, – деді партияның баспасөз қызметі.
Әлеуметтік бағыттағы партиялық бастамалар да маңызды орын алады. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында 93 адамды қамтыған тоғыз іс-шара өткізілді. «Бақытты отбасы» жобасы бойынша алты отбасына қолдау көрсетілді. «Кітап Аманат» жобасы шеңберінде оқу мәдениетін дамытуға бағытталған 18 іс-шара ұйымдастырылды, ал «Ұлттық мұра» жобасы аясында 65 адамды қамтыған төрт іс-шара өткізілді.
Экологиялық бағыт та назардан тыс қалған жоқ.
– «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Таза бейсенбі» акциялары мен сенбіліктер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Есепті кезеңде алты іс-шара ұйымдастырылып, шамамен 255 адам қамтылды, – делінген хабарламада.
Партиялық жұмыстың нәтижелері әлеуметтік салада да көрініс табуда. Сайлауалды бағдарламаны жүйелі іске асыру аясында білім беру саласында үш мектепке күрделі жөндеу жүргізілді, ал денсаулық сақтау саласында ауылдық елді мекендерде бес медициналық пункт салынды. 2026 жылға фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жоспарланған.
– Партиялық жұмыстың маңызды бағыты – халықпен кері байланыс. Жыл басынан бері ондаған қоғамдық қабылдау, оның ішінде көшпелі қабылдаулар өткізіліп, тұрғындардың өзекті мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – деді партиялықтар.
Мамандардың айтуынша, Успен ауданында партиялық жобаларды іске асыру жүйелі сипат алып, экономиканы дамытуға, әлеуметтік саланы нығайтуға және ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға нақты ықпал етуде.